17 ақпан 2026

IQAA ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысты

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің алқа отырысы

2026 жылғы 13 ақпанда Алматы қаласында Satbayev University базасында «Жоғары білім және ғылым: цифрландыру және жасанды интеллект жылы» тақырыбында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Іс-шараға IQAA басшылығы қатысты.

Отырысқа Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева төрағалық етті. Алқа жұмысына сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нурбек, 100-ден астам жетекші ғалымдар, жоғары оқу орындарының басшылары, ғылыми ұйымдардың өкілдері, халықаралық серіктестер мен сарапшылар қауымдастығы қатысты.

Өз сөзінде Аида Балаева жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру сапасын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтіп, еңбек нарығының нақты қажеттіліктерін ескере отырып «министрлік – жоғары оқу орындары – әкімдіктер» бағыты бойынша жүйелі жұмысты жолға қоюды тапсырды.

Сонымен қатар, ел жаңа Конституцияны қабылдау қарсаңында тұрғаны, онда білім, ғылым және инновациялар адам капиталын дамытудың стратегиялық басымдығы ретінде айқындалатыны атап өтілді.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары негізгі міндеттерді белгілеп, бейінді ведомствоға нақты тапсырмалар берді.

Іс-шара аясында қатысушылар жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары ғалымдарының инновациялық жобалары көрмесімен танысты. Өндіріске енгізілген және патенттелген 40-тан астам ғылыми әзірлеме ұсынылды.

IQAA басшылығының алқа отырысына қатысуы ұйымның жоғары білім мен ғылымды дамыту, сондай-ақ заманауи цифрлық шешімдерді енгізу мәселелеріндегі белсенді ұстанымын айқындайды.